Біз туралы
Тараз - 2000 жылдан астам тарихы бар қала, әлемдік өркениет қазынасына енген Ұлы мәдениеттердің мұрагері. Біздің өлкеміздің ежелгі жері оның аумағында өмір сүрген халықтардың мәдени құндылықтарының алуан түрлілігін бойына сіңірген. Шу-Талас өзендері аралығы қазақ этногенезінің даму орталығымен қатар Қазақ хандығы құрылған жер болып табылады. Ежелгі заманда Қазақстан даласымен Шығыс пен Батысты байланыстырған Ұлы Жібек жолы өтіп, керуен жолдарының бағыттарында мәдениеттер диалогы, материалдық және рухани құндылықтармен алмасу процесі жүрді.
Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің мұрасы – қазіргі уақыттағы көптеген ескерткіштері болып табылады. ҚР Үкіметінің 1998 жылғы 24 наурыздағы №256 қаулысымен ұйымдастырылған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Ежелгі Тараз ескерткіштері" мемлекеттік қорық-музейі тарихи-мәдени маңызы бар нысандарды зерттеумен, қорғаумен және насихаттаумен айналысады. "Ежелгі Тараз ескерткіштері" қорық-музейінің қарамағында тас ғасырынан бастап бүгінгі күнге дейінгі әртүрлі тарихи кезеңдерде тұрғызылған, қала ішінде де, Жамбыл облысының аумағында да орналасқан Республикалық маңызы бар 30 ескерткіш бар. Жамбыл облысының аумағында орналасқан ортағасырлық бес ірі қала - Ақтөбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас сарай кешені 2014 жылы "Ұлы Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізі" маршруттар желісінің ескерткіштері ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілді.


16 Sep 2021
361 